Оқушылар мен ата-аналарға арналған жол ережесі

Қыркүйектің басынан мамырдың аяғына дейін жүргізушілер жолда екі есе сақ болғаны жөн. Себебі мектеп оқушылары, әсіресе бастауыш сыныпта оқитындар көшеде қалай жүруді толық білмейді. Балаларды жол ережесін оқуға мәжбүрлеу де қиын, тіпті ата-аналардың өзі жол ережесін дұрыс түсіндірмейді.

Бұл материалда балалар есте сақтауы керек негізгі қағидаларды жазып отырмыз.

Қай жерде жүруге болады

Қалада жаяу жүргіншілер тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүру керек. Жақын маңда тротуар болмаса, велосипед жолымен жүру қажет. Мұндай жағдайда барынша жол шетімен жүріп, велосипед немесе самокаттан абай болған жөн. Егер көшеде тротуар болмаса, жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.

Қай жерде жүруге болмайды

Жаяу жүргіншілердің жүруіне тыйым салатын белгі (ақ-қызыл фонды шеңберде жүріп бара жатқан адамды қиғаш сызған) тұрған жерде жүруге болмайды. Веложол және веложолақпен де еркін қозғала алмайсыз. Сондай-ақ жаяу жүргінші автомобиль жолына шықпауы қажет.

Жолдан қай жерден өтуге болады

Ең қауіпсізі — бағдаршам бар қиылыстан өту. Егер жақын жерде бағдаршам болмаса, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі деп аталатын «зебрамен» жүрген жөн. Егер бағдаршам немесе жаяу жүргіншілер өткелі жоқ болып, жолды тек кесіп өтуге тура келсе, қауіпсіздікке баса мән бере отырып, тіке (90 градус) өту қажет. Жолдың екі жағы да анық көрінетін тұстан өткен абзал.Ірі қалаларда жаяу жүргіншілер көпірі және жерасты өткелі болады. Олар бәрінен қауіпсіз, жолдан өткенде ерінбей осылармен жүрген дұрыс.

Жолдан қалай өту қажет

Автомобиль екі бағытта жүретін жолдан өтердегі басты ереже мынау: жолға шығар алдында солға қарап, қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз, ал жол ортасына жеткенде оң жаққа қарау қажет. Көшені қай жерден кесіп өтсеңіз де, осы ережені естен шығармаңыз.Ал үлкен даңғыл немесе бір жақты көшеден өтерде автобус немесе веложол бар-жоғына мән беру керек. Егер бар болса, жолға шығарда екі жаққа да қарап, келе жатқан көлік жоқ екеніне көз жеткізіңіз!Егер бала велосипед немесе самокат мініп жүрсе, жолдан өтерде одан түсу (түсіру) керек.